"Каспий" футбол клубы жезқазғандық "Ұлытаумен" кездесіп жеңіске жетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтауда өткен бірінші лига ойындарының үшінші турында "Каспий" "Ұлытауды" 3:2 есебімен ұтып, үш ұпайға ие болды.
Ойынның 12-минутында каспийлік қорғаушы Ерлан Қадырбаев есеп ашты. Осылайша бірден басымдыққа ие болған алаң иелері алғашқы таймның ортасына дейін алда болды. Алайда төреші дөрекі ойыны үшін қорғаушы Қасымжан Таиповке ескерту жасап, сары қағаз көрсетті.
Ал 32-минутта ұлытаулық шабуылшы Жасұлан Молдақараев қақпадан саңылау тауып, есепті теңестірді. Кездесудің бірінші таймы 1:1 есебімен тең аяқталды.
Екінші таймда Ерлан Қадырбаев тағы гол соғып, командасын алға шығарды. 61, 74 минуттарда ұлытаулық Рафкат Аслан дөрекі ойынымен көзге түсіп, қатарынан 2 рет сары қағаз алған соң алаңнан қуылды. 76-минутта "Каспийдің" жартылай қорғаушысы Бекзат Қабылан есептегі басымдықты арттырып, нәтижені 3:1-ге жеткізді. "Каспий" ойыншылары қонақтар қарымта шабуылға шыққан сәтте ойын тәртібін бұзды. Бұл ретте В.Дмитренко, М.Халматов, ұлытаулық Жасұлан Молдақараев, Рустам Жанхаев сары қағазбен жазаланды.
Дегенмен үздіксіз шабуылдаған "Ұлытау" қосымша минутта екінші голын соғып, есеп айырмасын қысқартты.
3:2 есебімен аяқталған ойын қорытындысы бойынша "Каспий" турнир кестесінде 9 ұпайымен көш бастады. Енді күнтізбелік кесте бойынша жерлестеріміз 3 мамыр күні Алматыда "Қайрат Алматы-2" клубына қарсы ойын өткізеді. Ал 10 мамырда Түркістан облысында "Жетісаймен" ойнайды.